Арыстағы ТЖ-ға байланысты тұрғындар көшірілуде

24 маусым, 14:35

Арыс тұрғындары оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан кейін қаладан 50 шақырымда эвакуацияланады, деп хабарлайды ҚР ІІМ ТЖК баспасөз қызметі.

"Арыс қаласы әкімінің өкімімен Монтайтас ауылдық округіне тұрғындарды көшіру жұмыстары жүргізілуде, бұл Арыс қаласынан 50 шақырым жерде. 20 автобус тартылды. Сондай-ақ, тұрғындарды эвакуациялау үшін Шымкент қаласының әкімдігі 36 автобус жіберді. Шымкент қаласында 15 эвакуациялық пункт ашылды. Осы уақытқа дейін Арыс қаласынан 17 бала келіп, Самал-3 шағын ауданында Назарбеков атындағы №87 мектепте орналасқан", - деп хабарлады ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметов.

Шымкент қаласының ауруханасына алғашқы 11 зардап шеккен әйел мен балалар түсті.

Оларға барлық қажетті көмек көрсетіледі.