Асқар Мамин коронавирус табылған елдердің азаматтары Қазақстанда жұмысқа алынбауын тапсырды

02 наурыз, 11:20

ҚР Премьер-министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен Үкімет отырысында Қазақстанда коронавирустық инфекцияның таралуына жол бермеу шаралары қаралды.

Үкімет басшысының баспасөз қызметінің мәліметінше, Денсаулық сақтау министрлігі осы жылдың 6 қаңтарынан бастап коронавирустық инфекцияның әкелінуі мен таралуының алдын алу бойынша күшейтудің 3 кезеңін іске асырды. Биылғы 1 наурыздан бастап сол елдерден келген тұлғаларға карантиндік іс-шаралар қолданылатын елдердің тізбесін кеңейтетін күшейтудің 4-кезеңі енгізілді.

Азаматтардың денсаулығын қорғау бойынша түбегейлі шаралар қабылдау мақсатында Үкімет ҚР-да коронавирустық инфекцияны анықтау және тарату кезіндегі Іс-қимыл алгоритмін әзірледі («Б Жоспары»).

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Үкіметке халықты коронавирустық инфекциядан қорғау шараларын күшейтуді тапсырды. Әлемде жағдай ушығып кетті. Вирус 50-ден астам елге таралып үлгерді және өте белсенді түрде таралуда. Қазіргі кезде Қазақстанда коронавирус жұқтырған адам жоқ. Сондықтан барлық алдын алу шараларын жалғастыру қажет. Вирус сондай-ақ әлемдік экономикаға, атап айтқанда, өнеркәсіпке, транзитке, сауда мен экспортқа кері әсерін тигізуде. Осыған байланысты Қазақстан экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін тиісті шараларды қабылдау қажет... Әкімдіктер мен Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі коронавирустық инфекцияның таралу деңгейі қолайсыз елдердің азаматтары үшін шетелдік жұмыс күшін тартуға рұқсат беруді тоқтатсын»,-деді Үкімат басшысы.

Сонымен қатар Асқар Мамин өңірлер әкімдіктеріне мемлекеттік және жекеменшік ұйымдарда, әсіресе, мектептерде, оқу орындарында, халыққа қызмет көрсету орталықтарында, сауда орталықтарында, базарларда және тағы да басқа жерлерде эпидемияға қарсы іс-шараларды күшейту керектігін айтты. Ал Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесіп, коронавирустық инфекцияның алдын алу шараларын түсіндіру бойынша халықпен сапалы ақпараттық жұмыс жүргізуді тапсырды.