​Астанада келіншекті аяусыз ұрып кеткен ер адам іздестірілуде

11 қаңтар, 16:17

Астанада жұмысынан үйіне қайтып бара жатқан келіншекті әлдекім соққыға жығып, оқиға орнынан қашып кеткен, деп хабарлайды Elitar.kz.

Келіншекке шабуыл жасалған сәттің видеосын INSTAGRAM желісіндегі astanovka98 паблигі жария етті.


«Белгісіз ер адам Астанадағы Диваев көшесіндегі жатақхананың жанында 35-40 жастағы әйелді соққыға жыққан. Зардап шегуші Mega Silk Way-да жұмыс істейді. Жұмыс уақыты 00:00-ге дейін. Жұмыстан кейін қызметтік машина қызметкерлерді үйлеріне жеткізіп тастайды. Сол күні әдеттегісінше қызметтік тасымалдау көлігі әйелді өзі тұратын жатақхананың жанында тастап кеткен. Жатақхананың есігіне бірнеше қадам қалғанда артынан ер адам жүгіріп келіп, оны жерге құлатқан. Содан кейін қатты ұрып, тұншықтыра бастайды...» деп жазылған желіге жүктелген видео астына. Осы сәтте аулаға келіншектің көршісі шығып, ұрып-соққан ер кісі оқиға орнынан қашып кетіпті.

Жәбір көрген келіншек жедел жәрдем қызметімен ауруханаға жеткізілді. Оның ауыр дене жарақаттарын алғаны белгілі болды. Бұл оқиға бойынша Астана қалалық Полиция департаментіндегілер ер адамды іздеу шараларына кірісіп кетті.

«35-40 жас аралығындағы, 170-175 см бойлы ер адам іздестірілуде. Үстіне қара күртке мен құлақшын киген. "Тонау" бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр», - деп мәлімдеді Полиция департаметіндегілер. Осы ретте тәртіп сақшылары тұрғындардан әйел азаматына шабуыл жасаған ер азаматты іздеу шараларына көмектесуге шақырады. Қандай да бір ақпарат білетіндер болса, құзырлы органға хабар берулерін сұранады.