​Астанада тұңғыш рет Ясауи хикметтері кәсіби музыка тілімен орындалды

04 желтоқсан, 08:10

«Астана» концерт залында Қожа Ахмет Ясауидің хикметтеріне қалам тартқан елге белгілі ағайынды композиторлар Серікжан және Әліби Әбдінұровтардың "Әзірет қонған Түркістан" атты концерті өтті, деп хабарлайды Elitar.kz.

"Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, концертке Астана қаласы мемлекеттік филармониясының академиялық симфониялық оркестрі, камералық хоры, жеке орындаушылар және Павлодар қаласынан арнайы келген вокалдық квинтет (әншілер тобы) қатысты.

Кәсіби музыка тілімен хикметтерді насихаттайтын шығармашылық кеш - Қожа Ахмет Ясауидің соңында қалған телегей-теңіз рухани мұрасын жаңғыртуды мақсат тұтқан.

-"Төрткүл дүниенің бас иіп, рухани орталығына айналған Түркістанның қадірі мен қасиеті барлық ұрпақты ойландырмай қоймасы анық. Бүгінгі кеш композиторлық жолымыздағы ең ерекше, өзіндік орны биік шығармашылықтың жемісі деп ойлаймын. Биыл "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейіне 40 жыл, Түркістан қаласы облыс орталығы мәртебесін алды. Осынау тарихи кезең тұсында перзенттік үлесімізді Ясауи бабамыздың хикметтерін кәсіби музыка үнімен жеткіздік. Концертті алдағы уақытта еліміздің барлық аймақтарында, сонымен қатар ТҮРКСОЙ Халықаралық ұйымының қолдауымен Түркия Республикасында өткізу жоспарда бар",-дейді композитор Серікжан Әбдінұров.

Кеште Қ.А.Ясауидің хикметтеріне жазылған көптеген шығармалар орындалды. Олардың қатарында дәстүрлі әншілердің: «Ей, сопы», «Расулдың ризалығы», Павлодар қаласынан келген вокалдық квинтеттің - «Салауат», «Аш, ей момын көзіңді» шығармалары, қылқобызбен - «Диуани хикмет», баянмен - «Арыстанбаб», «Абыз», скрипка аспаптарымен - «Күй-толғау», дауыс және оркестрмен - «Уа, жаратқан», «Мәңгілік», оркестрмен - «Сүйінші», «Балбал», дауыс, флейта және хормен - «Яссы», симфониялық дастан - «Хикметтер», ақын және симфониялық оркестрмен - «Қожа Ахмет Яссауи» шығармалары бар.

Атап өтерлігі, Қазақстан композиторлық мектебінде рухани тақырыпқа алғаш рет қалам тартқан ағайынды композиторлар Түркістан облысы, Отырар ауданының тумалары.

- Жуырда ғана Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев "Ұлы даланың жеті қыры" мақаласында Түркістан жайлы ерекше тоқталғаны белгілі. Елімізге белгілі композиторлар, ағайынды Әбдінұровтар кәсіби музыка мен рухани құндылыққа бай хикметтерді үндестіріп, жаңаша жұмыс жасады. Кеш аясында Елбасымыздың Түркістанға жасаған сапарлары мен рухани астана және Қожа Ахмет Ясауи мұралары мен қолжазбалары жөнінде көрме де ұйымдастырылды. Көрмеде қолжазбалармен танысқан астаналықтар сахнада түрлі аспаптар үнімен хикметтер жайлы тыңдады",-деді "Әзірет Сұлтан" мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Нұрболат Ахметжанов.

Астана концерт залының фойесінде 1 желтоқсан – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президент күні мерекесіне орай ұйымдастырылған «Елбасы және Түркістан» көрмеге қорық-музей қорынан 60-тан астам жәдігер қойылып, үш бөлімге топтастырылды.

Ақпарат ретінде айта кетейік, жоғарыда атап өткен қос шара ҚР Мәдениет және спорт министрлігі, Астана қаласы әкімдігі, «Әзірет Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейі және Астана қаласы мемлекеттік филармониясының ұйымдастыруымен өтті.