Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы жауапты хатшысына 2 млн теңгеге жуық ақша ұрлады деген айып тағылды.
Сотта экс-шенеунік әйелдің сөмкесінен ақша ұрлағанын мойындады. Бірақ, ол жәбірленуші айтқандай қомақты қаржыны емес, бар-жоғы 4500 теңгені қолды еткенін айтты, деп хабарлайды Elitar.kz.
Астана қаласына қарасты Байқоңыр аудандық сотының судьясы ірі көлемде ақша ұрлағаны үшін экс-шенеунікті кінәлі деп танып, үш жылға бас бостандығынан айыру жазасын кесті. Сонымен қатар министрліктің бұрынғы жауапты хатшысы енді жыл сайын 100 сағаттық мәжбүрлі еңбекке тартылатын болды. Одан өзге судья айыпталушы жәбірленушіге 1,8 миллион теңге көлемінде материалдық шығын, ал мемлекет кірісіне 18 мың теңге мемлекеттік баж төлеу қажеттігін міндеттеді.
Айтпақшы, айыпталушы Қобыланды Мусин өзінің тұрғылықты жерін өзгертіп, енді көңіл көтеру орындарына бара алмайды. Ал үйден сағат 22.00-ден 6.00-ге дейін шығуына болмайды.
Еске сала кетсек, биыл жазда Астанадағы мейрамханалардың бірінде әйел азаматы сөмкесінен қомақты ақша жоғалды деп полицияға шағым түсірді. Күдікке Мәдениет және спорт министрлігінің бұрынғы қызметкері ілінді. Себебі ол жәбірленушімен бірге бір үстелде отырған. Сотта мейрамхананың бейнебақылауына түсіп қалған видео дәлел болған.