Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаңғы курортының құрылысына қатысты пікір білдірді
«Алматыда тағы бір мәселе – «Көк-Жайлау» шаңғы курортының құрылыс жобасы. Бұл тақырыпқа қайта-қайта орала бермеу үшін, бүгіннен бастап бұл жобамен айналысуға тыйым саламын. Бұл дегеніміз, қалаға "Көк Жайлау" курорты керек емес. Оған қоса, бұл жобаға кәсіби экологтар мен білікті жұртшылық та қарсы»,- деді Президент Алматы қаласының қоғамдық-экономикалық дамуын талқылау жиналысында.
Дәл осы кеңес отырысында Алматы қаласы әкімінің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапанов Көктөбедегі көшеттер бойынша Президенттен сөгіс алды.
«Ағаш – қаланың да, бүкіл халықтың да нығметі. Бүйтуге болмайды. Көптеген көшеттің Көктөбенің баурайында қалдырылғаны ешбір сын көтермейді. Қайырымды істің быт-шыты шықты. Сондықтан әкімнің бірінші орынбасары Ерлан Қожағапановқа сөгіс жариялаймын. Істі бастадың ба, бітіру керек. Қолыңнан келмейтін іске араласпа», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Еске сала өтейік, Мемлекет басшысы ресми екі күндік жұмыс сапарымен Алматы қаласында жүр.