Қасым-Жомарт Тоқаев Қызылорда облысының жұртшылығымен кездесті

14 мамыр, 18:00

Жиынға өңірдің зиялы қауым, ардагерлер мен жастар өкілдері, жергілікті атқарушы органдардың басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты, деп хабарлайды Ақорда сайтына сілтеме жасай оырып Elitar.kz.

Мемлекет басшысы аймақтардан түсіп жатқан ұсыныстарды ескере отырып, өңірлерді дамытуға бағытталған арнайы кешенді мемлекеттік бағдарламаның іске қосылатынын айтты. Сондай-ақ, Қазақстан Президенті осы мақсат-міндеттерді жүзеге асыру үшін облыс басшылығы шешуі тиіс бірқатар мәселелерге тоқталды.

"Аймақтағы азаматтардың жалақысын өсіру – Үкімет пен облысы әкімінің басты міндеті! Лайықты жалақы төлейтін жаңа жұмыс орындарын ашуға баса мән беру қажет. Бұл бағытта ірі кәсіпорындардың қуатын тиімді пайдалануды назарға алу керек," – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы шетел компанияларында жұмыс істейтін отандастарымыздың мүдделерін қорғаудың маңыздылығына назар аударды. Сонымен қатар, облыстың әлеуметтік саладағы жетістіктеріне тоқталды.


"Көп балалы және тұрмысы төмен отбасыларға қолдау көрсету үшін облыста Әлеуметтік жол картасы іске қосылған. Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасының аясында білім, денсаулық сақтау, мәдениет, жол құрылысы салаларында құны 1,7 миллиард теңге болатын 60 жоба жоспарланған. Облыс әкіміне соларды уақтылы әрі тиімді жүзеге асыруды тапсырамын," – деді Қазақстан Президенті.

Соңында Мемлекет басшысы xалықтың әл-ауқатына қатысты мәселелердің барлығы жеке өзінің бақылауында болатынын айтып, жиынға қатысушыларды Қызылорда өлкесін дамудың жаңа деңгейіне шығару үшін атсалысуға шақырды.