Қасым-Жомарт Тоқаевты ұлықтау рәсімі өтті

20 наурыз, 12:07

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына ант берді.

Жаңа Президент Конституцияға оң қолын қойып тұрып, ант берді.

Ұлықтау рәсімінде Қасым-Жомарт Тоқаевқа Президент куәлігі, омырауға тағатын белгісі және байрағы, «Алтын қыран» ордені тапсырылды. Оны Мемлекет басшысына ҚР Орталық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Имашев табыс етті.

Айта кетейік, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев 19 наурыз күні өз өкілеттігін тоқтататыны туралы мәлімдеді. 20 наурыздан, яғни, бүгіннен бастап Президент сайлауына дейін ҚР Мемлекет басшысы міндетін Қасым-Жомарт Тоқаев атқарады.

ҚР Конституциясының 48-бабының 1-тармағына сәйкес ҚР Президентінің өкілеттілігі ҚР Парламенті Сенатының төрағасына Қазақстан халқына ант берген сәттен өтеді.

Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев 1953 жылы 17 мамырда Алматыда туған.

Әкесі Кемел Тоқаев Ұлы Отан соғысының ардагері, белгілі қазақ жазушысы болған. Анасы Тұрар Шабарбаева Алматы шет тілдер педагогикалық институтында жұмыс істеген.

Қазақ, орыс, ағылшын, қытай және француз тілдерін еркін меңгерген Қасым-Жомарт Тоқаев 2013 жылдың 16 қазанынан бері ҚР Парламент Сенатының төрағасы қызметін атқарып келді.

Сайлауға дейін Мемлекет басшысы қызметіне кіріскен Тоқаев "Твиттер" әлеуметтік желісінің белсенді қолданушысы.