Ақтауда 15 жасында келін атанған жасөсіпірім тұрмысқа неліктен ерте шыққанын айтты

09 қыркүйек, 09:00

​Әлеуметтік желілерде Ақтауда өткен үйлену тойы қызу талқыға түсті. Бұл тойдың ерекшелігі күйеу жігіт пен қалыңдықтың жастарында. Екеуі де 15​-те. Қыз бен жігіттің екеуі де колледжде оқиды.

Белгілі болғаны, жас жігіт қалыңдықты алып қашқан. Ал жасөспірім қыз алып үйіне оралу ұят болады деп қалуды жөн санаған.

Жас жұбайлардың бұл тойын желідегілер қатты сынның астына алды. Қалыңдық көптің сөзінен шаршады ма, желідегі паоақшасында неліктен ерте тұрмысқа шыққаны туралы жазба қалдырды.

Sputnik.Kazakhstan-тың жазуынша, жас жұбайлардың ата-аналары алғашында қарсылық танытқан.

"Біз екеуіміз де 2004 жылы тудық, он бес жастамыз. Ата-енеммен бірге Ақтауда тұрамын. Біз үш-төрт ай кездестік. Кейін үйленеміз деп шештік. Ата-анамыз басында, әрине, қарсы болды. Мені алып қашты. Қайтып келген қыз жаман дегендей және бір-бірімізді сүйгендіктен, қаламын деп шештім", - деп жазды қалыңдық.

Жас келін үйлену тойының суреттерімен желідегі парақшасында бөлісті. Той осы жылдың шілде айында болған көрінеді. Желі қолданушылары мешітте неке қиылғанмен, ресми куәлік жоқ болуы мүмкін деген болжам айтып отыр.