Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары өзі туралы ақпарат таратқандарды сотқа беретінін мәлімдеді

02 наурыз, 12:00

Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамунов бұған дейін бірқатар БАҚ беттерінде өзінің ұсталғаны туралы жария етілген ақпаратқа қатысты пікір білдірді. Бұл туралы шенеунік өзінің Facebook парақшасында жазды.

"Сыбайлас жемқорлыққа қарсы агенттік менің Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары және "Ақтөбе" ӘКК басшысы ретіндегі қызметіме қатысты ешқандай тергеу шарасын жүргізіп жатқан жоқ. Осыдан төрт жыл бұрынғы істе тек куәгер ретінде тартылдым. Мені ешкім ұстамады, қазір Нұр-Сұлтанда шаруалармен жүрмін, менің бостандығыма қатысты ешқандай шектеу жоқ", - делінген жазбада. Сонымен қатар облыс әкімінің орынбасары жалған ақпарат таратқандарды сотқа беруге ниетті екенін де жеткізді.
"Менің ар-намысым мен қадір-қасиетіме нұқсан келтіретін жарияланымдарға келетін болсақ, ақпараттың шынайылығына көз жеткізбестен оны жариялап, таратушылардың үстінен сотқа жүгінуге ниеттімін" деп жазды ол.

Еске салсақ, ақпан айының соңында Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Руслан Мамуновтың пара алып жатқан жерінен ұсталғаны туралы ақпарат бірқатар БАҚ беттерінде жария етілді.