Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданының прокуратурасы білім беру туралы заңнаманың қолданылуына талдау жүргізіп, бірқатар мұғалімнің жалған дипломмен сабақ беріп келгенін анықтады.
Ақтөбе облыстық прокуратураның баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, жүргізілген талдау нәтижесінде Ақтөбе қаласы білім беру мекемелерінде жоғары оқу орындарымен оқып-бітіргендігі туралы алған дипломдары расталмаған 34 педагог жұмыс жасайтынын көрсетті.
"Көрсетілген саннан 13 адам қызметтерін мектепке дейінгі білім беру саласында жүзеге асырады, 11 орта мектептерде сабақ береді, 7 адам колледж оқытушысы ретінде, 3 өзге де білім беру мекемелерінде еңбек етеді. Бұл ретте бес оқытушы «фортепиано» мамандығы бойынша жоғары білім алғандығы туралы диплом негізінде музыка колледжінде еңбек етеді, алайда Қ.Жұбанов атындағы АӨМУ мәліметіне сәйкес университет аталған пән бойынша мамандарды оқытып шығармайды. Жалған құжатты пайдаланғаны үшін кінәлілерді жауаптылыққа тарту, сондай-ақ жасанды дипломдар әзірлеуді жүзеге асырған тұлғаларды анықтау үшін материалдар ішкі істер органдарына жолданды" делінген ведомство мәліметінде.
Одан өзге прокуратура тарапынан Ақтөбе қаласы әкімінің және білім беру басқармасының атына заңдылықты бұзушылықты жою туралы ұсынулар енгізілді.
Жоғары білім алғаны туралы жасанды жалған құжаттарды пайдалану мен әзірлеу жағдайларын жою мақсатында Ақтөбе қаласы Алматы ауданының прокуроры жоғары білім туралы жасанды жалған құжаттарды әзірлеу мен сату (өткізу) бойынша 19 (он тоғыз) интернет сайттың қызметін тоқтату туралы талап арызбен сотқа жүгінді. Аталған талап арыз Ақтөбе қаласы №3 сотының шешімімен толық көлемде қанағаттандырылып, осы сайттардың қызметі заңсыз деп танылды, Қазақстан Республикасының аймағында тыйым салынды.