Оқиға Ақтөбе облысындағы Алға аудандық ауруханасында орын алды. Белгісіз біреулер жүрегінен пышақ жарақатын алған жігіттің өлі денесін ауруханаға алып келіп, тастап кеткен.
Аурухана қызметкерлерінің сөзінше, мүрдені қара-көк түсті көлікпен келген үш адам алып келген. Ақ халаттылар бірден полицияға хабарласқан.
Мүрдені алып келген адамдарды табу мақсатында полицейлер дереу іздестіру шараларын қолға алады. Көп ұзамай Бестамақ ауылына кірер жолда қара-көк түсті Lexus GS 300 көлігі тоқтатылған. Онда өз-өзін ұстауы ерекше күдік келтірген үш жігіт отырған екен. Белгілі болғаны, жігіттердің бірі ұрыс кезінде зардап шегушіге пышақ сұғып алыпты, салдарынан жас жігіт оқиға орнында тіл тартпай кеткен. Күдікті өзінің жасаған әрекетін мойындап, полиция инспекторларына қылмыс құралы – пышақты берді.
Қазіргі уақытта Қылмыстық кодекстің «Кісі өлтіру» бабына сәйкес тергеу жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына тоғытылды.