Ақтөбеде инспекция басшысының орынбасары Ерлан Орынбаев кадр бөлімінің қызметкерін соққыға жыққан. Салдарынан таяқ жеген қызметкердің басы мен сол жақ иығы қанталап қалған. Бұл әрекеті үшін шенеунік Әдеп кеңесіне шақыртылды. Қанша ақталғанымен, бәрібір жұмысынан айырылды, деп жазады Aktobenews.kz.
Ауыл шаруашылығы министрлігі, Агроөнеркәсіп кешеніндегі мемлекеттік инспекция комитетінің облыстық аумақтық инспекция басшысының орынбасары 19 қазан күні қоластындағы Гүлмира Жидебаеваға қол көтерген.
«Тәртіптік іс қозғалып, қызметтік тексеру жүрді. Г.Жидебаева өз арызында инспекция басшысының орынбасары Ерлан Орынбаев қол жұмсағанын, «өлтіремін» деп қорқытып, ар-намысына тигенін баяндады. Мән-жайлар тексеріліп, қызметкерлерден жазбаша түсініктеме алынды. Мемлекеттік инспекция комитетіне хат жолдау керек болып, кадр бөлімінің қызметкері оның уақытын өткізіп алған. Бұл Е.Орынбаевтың түсініктемесі. Дәлізде көріп, ұрыс басталады. Сол кезде екеуі бос тұрған кабинетке кіріп, жанжал жалғасады. Сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, басы, сол жақ иығында қанталау түріндегі дене зақымы бар екені анықталды. Оқиға орнына полиция мен жедел жәрдем шақырылды», — деді ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі облыстық департаментінің бас маманы Нұрхат Мұңайтпасов.
Әдеп кеңесіне инспекция басшысының орынбасары Ерлан Орынбаев келіп, өз нұсқасын баяндап берді.
«Г.Жидебаеваның түсініктемесі жалған. Жұмыс барысында талап қойдым, дауысым да қатты шығып кеткен болар. Маған да моральдық тұрғыдан кері әсерін тигізіп жатыр. 1999 жылы жоғары оқу орнын бітіргеннен бастап осы салада еңбек етіп келе жатырмын. 19 жыл болды. Ауыл шаруашылығы министрлігі, облыс әкімшілігінен ауызша да ескерту алған емеспін. Жеке кабинетте ол қолын сермеген кезде мен оң қолынан ұстап қалдым», — деді Орынбаев.
Ал Г.Жидебаева «ар-намысыма тиді, бірақ басшыға қарсы келмедім» деп отыр.