Атырау драма театры өртеніп жатыр

22 тамыз, 16:46

Атырауда Махамбет Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театрынан өрт шықты, деп хабарлайды Elitar.kz.

Желіде қара түтін қаптаған театрдағы өрт түсірілген видео тарады. Куәгерлердің айтуынша, театрға жалғана салынған ғимарат жанып жатыр.
Өрт орнына Атырау әкімі Әлимұхаммед Құттымұратұлы келді.

"Қазіргі уақытта жедел штаб құрылды, 9 техника мен 50 өртсөндіруші жұмыс істеп жатыр. Өрттің себебі анықталғаннан кейін қалыпқа келтіру жұмысы басталады", - деді Атырау әкімі.

Драма театрының ғимаратына екі ай бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілген екен.

ІІМ ТЖК ресми өкілі Нұрсұлтан Нұрахметовтің мәлімдеуінше, 14:30-да Атыраудың "101" пультіне М. Өтемісұлы атындағы Қазақ драма театрында өрт шыққаны жайлы хабар түскен.

"Екінші қабатта электрқалқан жанып, кейін от ғимараттың шатырына тараған. Өрттің болжамды аумағы - 1500 шаршы метр. Өртті сөндіруге жеке құрамның 40 адамы мен ТЖД-нің жеті техникасы жұмылдырылды. Полиция қызметкерлері драма театрының аумағын қоршады", - деді Нұрахметов.

Өрттің шығу себебі анықталу үстінде.