Атырауда пульт батарейкасын жұтып қойып, көз жұмған сәбиге қатысты жаңа дерек пайда болды

13 қаңтар, 10:51

Атырауда теледидар пультінің батарейкасын жұтып қойған бір жастағы сәби бес күн бойы жүрген. Баланың ата-анасы сәбиді 22 желтоқсанда ауруханаға алып келген. Дәрігерлер тексеру жүргізіп, рентген көмегімен сәбидің ағзасында бөгде заттың барын анықтаған. Алайда ақ халаттылар ата-анасына баланы ертеңіне тағы әкелу керектігін айтқан. Ол кезде хирург дәрігер баланы қарап, кейін педиатрға жібереді. Үш күннен соң бала ауруханаға жатқызылған. Алғашында дәрігерлер эндоскопиялық жолмен батарейканы алып шықпақ болады. Бірақ, нәтижесіз болыпты. Кейін ота жасалған. Өкінішке орай бала жүрек және тыныс жеткіліксіздігінен көз жұмды. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша тергеу жұмыстары жүріп жатыр.