14 наурыз, 12:06
«SCAT» әуе компаниясы жақында ғана елге былтыр әкелген жалғыз Boeing 737 MAX 8 ұшағын тоқтатпайтынын мәлімдеген болатын. Дегенмен, бүгінде жағдай түбегейлі өзгеріп кетті.
«13 наурыздан бастап «SCAT» әуе компаниясы Boeing 737 MAX 8 әуе кемесін пайдалануды уақытша тоқтатты. Осы ұшақпен жоспарланған барлық рейс әуе компаниясының флотындағы басқа ұшақтармен жүзеге асырылады. Ұшу кестесінде өзгерістер болуы мүмкін. Бұл шешімді әуе компаниясы мен Азаматтық авиация комитеті бірге қабылдады», - деп хабарлады әуе компаниясының баспасөз қызметі.
«SCAT» әуе компаниясының БАҚ бойынша кеңесшісі Виктория Ульянова бір сұхбатында әзірге ұшу кестелері басқа ұшақтармен жүзеге асырылатынын, рейстерді тоқтату немесе кестенің өзгеруі болмайтынын айтып, өз клиенттерін сабырға шақырды.
Қазіргі таңда әуе компаниясының ұшу кестелерін орындауы үшін әуе кемелері жеткілікті. Мысалы, кесте бойынша Алматыдан Антальяға Boeing 737 MAX 8 ұшағының орнына мүлде басқа Боинг ұшағы ұшып кетті. Бұл әуе компаниясына қосымша шығын алып келсе де SCAT өз клиенттерін жолдан қалдырғысы келмейді.
Еске салайық, Қазақстандағы SCAT әуе компаниясының Boeing 737 MAX ұшағын ұшыруды уақытша тоқтату туралы бұған дейін ҚР ИИДМ Азаматтық авиация комитеті хабарлады.
Boeing 737 MAX 8 ұшағының артықшылығы көп. Олар – ұшу жолының қашықтығы мен ұзақтығының 7 мың шақырымға дейін артуы, бағыттардың жоғары экономикалық тиімділігі, қозғалтқыштарының сенімділігі. Дегенмен, апатты жағдайлардан соң Қазақстан әлемдік әуе компанияларымен бірге бұл әуе кемесін пайдаланудан бас тартты.