14 наурыз, 17:47
Шымкентте қазір ерекше жандарды тасымалдау ережелеріне сай келетін бірде-бір автобус жоқ. Қоларбаға таңылған жандар қоғамдық көлік қызметін пайдалана алмайды, себебі, салонда олар мінетін пандус жоқ, ал арнайы лифт туралы ойлаудың өзі арман.
Дегенмен, көлік бөлімінің мамандары хабарлағандай, жақында жағдай өзгереді. Биыл қалалық әкімдік 1000 автобус сатып алуды көздеп отыр, олардың 300-і жыл ортасына дейін келіп жетуі тиіс. Барлық автобустан арнайы пандустармен жабдықталмақ.

«Шамамен мамыр айында автобустардың алғашқы партиясы келеді, олардың барлығы мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған пандустармен жабдықталады. Бізде қазір әлеуметтік қорғау басқармасына қарасты «Инва-такси» қызметі бар, олар барлық қажеттілікті қамтып отыр. Дегенмен, кейде жолаушылар арнайы автобус болуын сұрап жатады. Егер автобустар сондай пандустармен жабдықталса, мүмкіндігі шектеулі азаматтар қолданады деп ойлаймын», - дейді жолаушылар көлігі және автокөлік жолдары басқармасының бөлім басшысы Наурыз Сүгірәлиев.
Жауапты маманның айтуынша, қалада ерекше жандарды тасымалдауға арналған автобустар болған, дегенмен, ол көліктердің иелері автобустарды жетілдірмек болып, пандустарды алып тастаған.
«Пандустары немесе қоларбаларды көтеретін арнайы құрылғылары бар автобустар дәл қазір жоқ. Ондай көліктер кейбір жолаушы тасымалдаушыларда болған, өздерінің айтуынша, қажет болмаған соң алып тастапты. Едені төмен кейбір автобустар бар, дегенмен, оларда пандус жоқ», - дейді бөлім басшысы.
Сатып алғалы отырған автобустар Қостанайдағы «Сарыарқа Авто Пром» зауытынан алынады. Енді сол көліктер мүмкіндігі шектеулі жандардың қалада жүруін жеңілдетер.
Автор:
Алиса Бойко, Шымкент