Дариға Назарбаеваның ұлы Айсұлтан Назарбаев бұл туралы өзінің Facebook-тегі парақшасында жазды, деп хабарлайды Elitar.kz.
«Ресейдегі жекеменшік түрмеден босап шығып, мен елге құжаттарсыз оралдым – барлығы ұрланған, көзі жойылған. (...) Оралған соң мен ешкімнен көмек сұраған жоқпын. Өз елінің қарапайым азаматы секілді қазақстандық тиісті органдарға құжатымды қалпына келтіру үшін келдім» деген ол кейбір мемлекеттік органдардағы жағдайды сынның астына алған.
«Біздің мемлекеттік органдардағы жағдай адам айтса, төзгісіз. Мені бір мемлекеттік мекемеден екіншісіне жіберумен болды: ІІМ, көші-қон қызметі, АХАЖ... Барлығында да менің жағдайымда не істеу керегін білмеді. Қолдарын жайып, бірдеңені айтумен болды. Бірде-бір өз ісінің маманын кездестірмеген секілдімін» деп жазды Айсұлтан Назарбаев.
Бұдан өзге ол өз жазбасында Отанға деген сезімін толғаныспен жеткізеді.
«Мен түрлі елдерде оқып, өмір сүрдім. Бірақ, Отаным – Қазақстан екенін әрқашан жадымда ұстадым. Жүрегіммен сездім. Тек соны шынайы сезінуге енді ғана мүмкіндік туып отыр» деген мәліметті келтіреді.
Еске сала кетсек, Айсұлтан Назарбаев бұған дейін өзінің есірткіге тәуелді болғанын және туыстарының арқасында тура жолға түскені туралы желі парақшасында жария еткен болатын.