​Қазақ тілі енді әлемнің 60 елінде оқытылатын болды

14 қараша, 19:23

Қазақстандық «Отандастар» қоры мен Юнус Эмре атындағы түрік институты әлемнің 60-тан астам еліндегі институт филиалдарында қазақ тілін оқыту туралы келісімге келді, деп хабарлайды assembly.kz сайтына сілтеме жасай отырып Elitar.kz.

«Отандастар» қоры мен Юнус Эмре атындағы түрік институты арасында жақында қол қойылған өзара түсіністік туралы меморандум екі ел арасында тәжірибе алмасуды жандандыруды көздейді. «Отандастар» қорының президенті Нұртай Әбіқаевтың айтуынша, аталған меморандум алғаш рет жасалынып отыр.


«Біз Түркияның шетелдегі өз диаспораларымен тығыз қарым-қатынас жасауда мол тәжірибеге ие екенін білеміз, мақсатымыз өзара тәжірибе алмасуды жандандыру», – деді Әбіқаев.

Юнус Эмре атындағы институт басшысы Шереф Атеш болса, оқу орны қазақстандық әріптестеріне қолдан келген бар мүмкіндікті пайдалана отырып, байланысты нығайтуға дайын екенін атап өтті.

«Юнус Эмре атындағы институттың 56 орталығы бар. Біз әлемнің 60-тан астам елінде жұмыс істеп жатырмыз. Өзіміздің логистикалық мүмкіндіктерімізді және орталықтарды қазақ бауырларымызға пайдалануға беруге дайынбыз», – деді Шереф Атеш.


Айта кетерлігі, «Отандастар» қоры Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасы бойынша құрылған болатын. Бұл жөнінде Астанада өткен V Дүниежүзілік қазақтардың құрылтайында айтылды.

Фото: ҚХА баспасөз қызметі, 7kun.kz