Бірқатар әлеуметтік желілерде Қазақстанда коронавирустан 3 адамның көз жұмғаны туралы ақпарат тарауда.
Көпті дүрліктірген мәліметке қатысты Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Премьер-министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов нүкте қойды, деп хабарлайды Elitar.kz.
«Коронавирус инфекциясы әлемнің 160 еліне тарағаны белгілі. Бүгінгі таңда елімізде 49 факті тіркеліп отыр. Бүгінгі мәлімет бойынша, бес адам аталған індетті жұқтырған. Оның екеуі Қарағанды қаласында, қалған үшеуі Алматыда тіркелген.
Қазір ел ішінде әртүрлі фейктер тарап, өлім шығыны туралы әртүрлі әңгімелер айтылып жүр. Шегелеп айтқым келеді, республикада ешқандай өлім жағдайы тіркелген жоқ. Мемлекет басшысының Жаолығымен Қазақстан халқының қауіпсіздігі үшін елімізде төтенше жағдай енгізілді. Премьер-министр жетекшілігімен халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін комиссия құрылды. Осыған қатысты маңызды шешімдер 1-2 күн ішінде қабылданып отыр", - деген Ералы Тоғжанов арнайы комиссия тәулік бойы жұмыс істеп отырғанын атап өтті.
Айта кетейік, бүгін таңғы уақыттан бері қазақстандық желі қолданушылары Джон Хопкинс университеті жанындағы жүйелік зерттеулер және инжиниринг орталығының онлайн-статистикалық картасына сілтеме жасай отырып Қазақстанда қауіпті вирустан көз жұмғандар туралы мәліметті өзара бөлісуде. Аталған ресми интернет ресурсында Қазақстанда коронавирустан көз жұмғандар саны 3 адам деп көрсетілген.