Қазақстанда мал ұрлығы ауыр қылмыс санатына жатуы мүмкін

11 қыркүйек, 17:40

​Бас прокуратура бірқатар қылмыс үшін жазаны күшейтуге арналған заң жобасын әзірледі. Олардың қатарында мал ұрлығына қатыстысы да бар. Бұл туралы ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Нұр-Сұлтанда өткен брифинг кезінде айтты.

"Жаңа заң жобасында мал ұрлығы бойынша жеке құрам енгізілген. Ұрлық, тонау, шабуыл әрекеттері ғимаратқа, қоймаға немесе көлікке басып кіру арқылы арқылы жасалған жағдайда жаза қатайтылады. Бұл қылмыстарды ауыр санатқа жатқызу көзделген. Яғни, ауыр қылмыс санатына жатқандықтан, ондай қалмыс жасағандар зардап шегушімен татуласу арқылы немесе зардаптың орнын толтыру арқылы жазадан жалтару мүмкіндігінен айырылады" деген Ахметжанов мал ұрлағандарға қандай жағдайда жаза қатаңдатылатынын мәлімдеді.

"Елімізде азаматтардың 40 пайызы ауыл төңірегінде тұрады. Сондықтан мал ұрлығын қылмыстық топпен ұйымдасып жасаған жағдайда ол ауыр қылмыс санатына жатқызылады. Өйткені, мал ұрлығы кәсіпке айналған. Себебі малды шығарып беретін адам болады. Оны тасымалдайтындар, соятындар, базарда сататындар, оған жалған құжат жасап беретіндер бар. Сыбайлас жемқорлыққа жол ашылады. Осыған байланысты біз мал ұрлығын ауыр қылмыстар санатына жатқызғанды жөн көрдік", - деді ол.

ФОТО: zakon.kz