Қазақстанда өткен жылы ақылы жолдардан 5 млрд теңгеден астам қаржы түсті

23 қаңтар, 11:48

2019 жылы «Нұр-Сұлтан – Шучинск», «Нұр-Сұлтан – Теміртау», «Алматы – Қорғас» және «Алматы – Қапшағай» ақылы жолдарынан түскен түсім 5,4 млрд теңгені құрады. Оның 3,8 млрд теңгесі ақылы автомобиль жолдарын, 1,6 млрд теңгесі төлем алу жүйесін күтіп ұстау шараларына жұмсалған.

2018 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда, 2019-да ақылы жолдардан 3,5 есеге артық қаражат түскен. Индустрия және инфрақұрылымды дамыту министрлігінң мәліметінше, 2018 жылы елімізде тек «Нұр-Сұлтан – Шучинск» жолы ғана ақылы болған. Жыл сайын бұл жолдан түскен түсім көлемі 1,5 млрд теңгені құрады. Бүгінгі таңда елдегі ақылы жолдардың жалпы ұзақтығы – 682 шақырым.

2019 жылдың желтоқсанында инвестициялық конкурстың қорытындылары бойынша жолдардың 11 мың шақырымында төлем алу жүйесін орнату және оны күтіп ұстау туралы құжатқа қол қойылды. Келісімге сәйкес биыл қайта құрылымдаудан өткен 5,7 мың шақырымдық жол учаскелерінде төлем алу жүйесі орнатылады деп жоспарланып отыр. Жолдардың қалған 5,3 мың шақырымы 2024 жылға дейін қайта құрылымдау шараларының аяқталу мерзіміне байланысты ақылы болмақ.

Ақылы жолдар жүйесін енгізу арқылы сол жолдардың күтіміне бюджеттен қаражат бөлінбейтін болды. Яғни, барлық шығын жиналған қаражат есебінен қамтамасыз етіледі.