Қазақстанда туберкулезге қарсы вакцинация уақытша тоқтатылды

28 тамыз, 18:17

Қазақстанда туберкулезге қарсы вакцинация уақытша тоқтатылды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында ҚР Денсаулық сақтау министрлігі тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы Людмила Бюрабекова мәлімдеді, деп хабарлайды Elitar.kz.

ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бейінді комитеті жапондық туберкулезге қарсы вакцинаны кері қайтарды. Қазіргі уақытта ведомство жаңа вакцина сатып алу бойынша шаралар қабылдауда.

"Соңғы он төрт жылда Қазақстанда туберкулезге қарсы Жапонияның вакцинасы қолданылды. Алайда, бүгінгі таңда жапон өндірушісі ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне 35 елден вакцинаның 33 сериясын кері қайтаратыны туралы хабарлады. Осы 33 серияның 5 сериясы біздің елімізге келіп, бұрын қолданылған. БЦЖ вакцинасын кері қайтарып алу себебі - бұл өндірушінің вакцинадан бөтен заттың табылуы. Бұл шара Жапонияның халықаралық стандарттары мен фармакологиялық қадағалау стандарттарына сәйкес келеді. Осыған байланысты, бүгінгі таңда Комитет аталған серияларды нарықтан алып тастау және вакцинацияны тоқтату туралы шешім қабылдады", – деді Бюрабекова.
Оның айтуынша, қалыптасқан жағдайды ескере отырып, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сапалы және қауіпсіз болып табылатын басқа вакцинаны сатып алу бойынша шаралар қабылдайды.
"Бірыңғай дистрибьютор ЮНИСЕФ-пен келіссөздер жүргізілуде. Serum Institute of India (Үндістан) шығаратын вакцина сатып алынады. Күтілетін жеткізу мерзімі екі-үш айдан кейін. Serum өндірушінің барлық вакциналары әлемде қолданылады", – деп толықтырды Бюрабекова.