Ұлттық экономика министрлігінің Статистикалық комитеті таратқан ақпаратқа сенсек, Қазақстанда ең көп жалақы Атырау облысында, ал төменгі жалақы Түркістан облысында белгіленді.
2019 жылғы IV тоқсанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 203883 теңгені құрады. Атаулы жалақы индексі 2018 жылғы тиісті тоқсанына 115,8%, ал нақты жалақы индексі 109,9% құрады.
Салалық құрылымда ең үлкен атаулы жалақы кен өндіру өнеркәсібі және карьерлерді қазуда – 428,3 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есеге асты), қаржы және сақтандыру қызметінде - 402,5 мың теңге (2,0 есеге асты), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 373,4 мың теңге (1,8 есеге асты), ақпарат және байланыс саласында – 278,0 мың теңге (1,4 есеге асты) белгіленді.
Ең төменгі атаулы жалақы ауыл, орман және балық шаруашылығының қызметкерлерінде белгіленді – 127,3 мың теңге, бұл республика бойынша орта көрсеткіштен 37,6 %-ға төмен.
Өңірлік бөліністе ең көп жалақы Атырау облысында белгіленді – 345,2 мың теңге, бұл орташа республикалық көрсеткіштен шамамен 1,7 есеге асады. Түркістан облысында мұның шамасы 138,1 мың теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 32,3%-ға төмен.
Ақмола облысында 156,4 мың теңге, Ақтөбе облысында 169,8 мың теңге, Алматы облысында 150,5 мың теңге, Батыс Қазақстан облысында 201,9 мың теңге, Жамбыл облысында 139,9 мың теңге, Қарағанды облысында 189,4 мың теңге, Қостанай облысында 161,6 мың теңге, Қызылорда облысында 159,4 мың теңге, Маңғыстау облысында 309,1 мың теңге, Павлодар облысында 177,4 мың теңге, Солтүстік Қазақстан облысында 141 мың теңге, Шығыс Қазақстан облысында 183 мың теңге, Нұр-Сұлтан қаласында 308,1 мың теңге, Алматы қаласында 248,6 мың теңге және Шымкент қаласында 152,5 мың теңгені құрайды.
Ескере кетейік, халықаралық стандарттарға сәйкес бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтар ен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады.