ҚР Денсаулық сақтау министрлігі Тауарлар және көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитеті төрағасының орынбасары – бас мемлекеттік санитариялық дәрігер Жандарбек Бекшин екпе алмаған балаларды мектепке дейінгі мекемеге қабылдамау туралы ережеге қатысты түсініктеме берді. Бұл туралы бас санитар Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихаты кезінде айтты.
"Шынында да, мектепке дейінгі ұйымдарға біздің күнтізбелік жоспарға сәйкес, вакцинациядан өтпеген балалар кіргізілмейді. Бұл шектеудің екпеге медициналық тұрғыда қайшылығы бар балаларға қатысы жоқ. Не үшін олай еттік? Себебі, екпе медициналық тұрғыда ағзасына кері әсер ететін балалар да бар. Яғни, оларға екпе жүргізілмейді", - деді Жандарбек Бекшин.
Бас санитардың айтуынша, баланың ата-анасы оның денсаулық паспортын балабақшаға қабылданбас бұрын көрсету қажет. Ол паспортта балға екпе салынған немесе салынбағаны көрсетіледі. Егер баланың екпеге ешқандай кері әсері болмай және ол салынбаса, баланы балабақшаға қабылдаған қызметкер мен ата-анасына ескерту жасалады. Соған қарамастан балабақша қызметкері бұл қателігін тағы қайталай берсе, іс сотқа жөнелтіледі.
Айта кетерлігі, екпе салынбаған баланы қабылдаған мектепке дейінгі мекемелерге 15 АЕК-тен (37 875 теңге) басталатын айыппұл салынуы мүмкін.