Қазақстанда "жала жабу" бабы қылмыстық кодекстен алынатын болды

20 желтоқсан, 15:59

Қазақстанда Қылмыстық кодекстегі 130-бабы (жала жабу) ​декриминализацияланады. Бұл туралы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында мәлім етті, деп хабарлайды Elitar.kz.

«Қоғамда қызу пікірталас тудырып келе жатқан тағы бір маңызды мәселе - бұл Қылмыстық кодекстің жала туралы 130-бабы. Ұлттық кеңестің бірінші отырысында да бұл мәселе көтерілді. Бұл бапты декриминализациялау ұсынылды. Десе де қарсы аргументтер де бар. Кейбір қоғам мүшелері, тіпті құқық қорғаушылар Қылмыстық кодекстегі бұл норманы сақтауды жақтап отыр. Себебі әңгіме адамның құқығын қорғау, оның абыройы мен ар-намысын сақтау жайында болып отыр. Кейбір мемлекеттік органдар 130-баптың бірінші тармағына ғана өзгертулер енгізуді ұсынды",-деді Мемлекет басшысы.

Сонымен қатар Президент 130-бапты декриминализациялау мәселесі бірнеше рет талқыланғанын атап өтті.

"Қылмыстық кодекстің 130-бабын өзгерту туралы мәселе бойынша ғана ұлттық кеңес мүшелері мен мемлекеттік органдар өкілдерінің қатысуымен бірнеше жұмыс талқылауы ұйымдастырылғанын атап өтейін. Олардың соңғысы біздің отырыс қарсаңында өткізілді. Осы норма бойынша пікірталас мысалында, көбінесе бірыңғай шешімді табу қаншалықты қиын екенін көруге болады. Өйткені барлық сәтте – құқықтық, гуманитарлық, этикалық және халықаралық стандарттарды ескеру қажет. Осы мәселенің барлық ұстанымдары мен нюанстарын талдау қорытындысы бойынша мен Қылмыстық кодекстің 130-бабын декриминализациялап және оны Әкімшілік кодекске ауыстыру туралы шешім қабылдадым. Бұған қоса, өзге адамдардың құқығына кепіл беру және оларды жала өсек пен орынсыз айыптаулардан қорғау үшін жауапкершіліктің жоғары шараларын сақтау қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Еске салсақ, бүгін Нұр-Сұлтанда ҚР Президенті жанындағы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің екінші отырысы өтті.