Шымкенттегі цирк мекемесінде доңыз жылының құрметіне жаңа жоба қолға алынды. Енді мұнда әдеттегі аң-құстардан бөлек, кіші қабанның қатысумен қызықты қойылымдар көрсетіліп, көрерменге ұсынылатын болады. Бұл үшін өнер ошағы кіші қабанды асырап алды.
Қабанның «маялино» тұқым-тегінен тараған жануар небәрі - 3,5 айлық. Бойы – 21 см, салмағы – 2 келі 200 грамм тартады. Ал «Шымкент цирк» мекемесіндегі хайуанаттардың жасағына енгеніне енді ғана 2 ай толған кіші қабанға «Фунтик» де ат та қойылып үлгеріпті. Және бұл талпақ танауды күтіп-баптау, цирктің өмір-өнеріне баулуды мәдениет мекемесінің кіші аң үйретуші әртісі Жанат Қалметова өз мойнына алған.
«Кіші қабанды цирктің сахнасына әкелу – менің идеям! Сондықтан, бұл қабанды өзім іздеп таптым. Әрине, алдымен ғаламтор беттерін ақтарып, ондағы түрлі сауда-желілерінен доңыз тектес жануарды іздедім. Бірінің - түрі ұнамаса,екіншісінің құны қымбат болды. Бірақ мен ел арасында қабанды сұрастырып, іздеуімді тоқтатқан жоқпын. Есесіне, еңбегім еш кетпеді. «Фунтикті» сонау алып шаһар Алматыдан таптым. Және өз қаржыма яғни 150 мың теңгеге сатып алдым. Еш өкінбеймін, себебі бұл жануар өте ақылды және дегеніңе көнетін қасиеті бар. Қазір менің айтқан сөз-уәжімді тыңдап, бұйрығымды бұлжытпай орындайды. Қойылымның күрделі қимылдарын да еркін еңсеріп, белсенділігі күн санап артып келеді. Көңіл күйі де көтеріңкі. Бұл деген сөз – менің жаңа жылда көрерменге жаңа бағдарлама сыйлап, таңқалдырып, тәнті етсем деген арманыма бір табан жақындауым дегенді білдірсе керек».
Тәжірибелі аң үйретуші Жанат Қалметова бұған дейін тек күшіктермен ғана жұмыс жасайтын. Және сахнадан да сол ақылды иттермен қызықты қойылымдарын ұсынатын-ды. Ал қазір аң патшасы арыстан және кіші қабанды қатар үйретіп, жаңа шоу-бағдарламаға дайындығын пысықтауға көшкен. Мұнысын әртіс еңбекқорлығы ғана емес, хайуанаттарға деген риясыз мейірім-көзқарасы деп түсіндірді.
«Аңдардың тілін тауып, оларды ауыртпай, уақытылы тамақтандырып, саулығын құнттаудан еш жалыққан емеспін. Сахнада дегеніме көндіріп, көпшілікті таң қалдырып,алғысын арқалау - мені шабыттандырады. Ал жұмысымдағы соншалықты шеберлігімнің құпиясы – мен кез келген аңды өз перзентіме балап, жанашырлықпен тәрбиелеймін. Тіпті олар ауырып қалса, ем-домына жүгіріп, көз жасыма ерік беретін кездерім көп. Ал сахнада арыстанды бағындыруымның сыры – бұл аңмен рухани сырласып, өзіңнің де тектелік-тегеурініңді көрсетуіңде. Яғни, арыстан жасқаншақтықты жек көреді, тек батылдарды ғана қабылдап, солардың сөзіне құлақ асады. Әрине, бұл арыстан мен иттердің ас-ауқаты бәріне белгілі ғой. Ал кіші қабандар алма, банан, картоп және қарақұмықпен қоректенеді. Олар толып кетсе, циркте өнер көрсетуге қауқарсыздық танытуы мүмкін, сол үшін қатаң диетаны қадағалап, тамақтарын тиісті мөлшерде аз-аздап қана беремін. Яғни, күніне 3 ас қасық қарақұмық жейді. Ал сүт берсем, оған мүйіз өсіп кетеді екен. Ол мүйізі жұмысқа кедергісін келтіруі мүмкін, сол себепті ағарғаннан бас тартуға тура келді. Сондай-ақ, жануар мүлдем ет жемейді. Жаурағыш келеді. Тағы бір қызықты мәлімет айтайын, естіп-білуімше, бұл кіші қабандардың ағзасы адамдардың ағзасына қатты ұқсайды екен. Сондықтан, әлемдік медицина саласында көптеген эксперимент пен сынақтарды алдымен осы қабандарға жасап көреді екен. Иә, сондай қасиет-қабілеттерге ие жануармен қазір бізде жұмыс қызу жүріп жатыр. Жаңа маусымда көрерменге жаңа жобамызды таныстырып, шоу-қойылымды қоятын боламыз».
Айта өтейік, ел аумағындағы цирк сахналарында бұған дейін кіші қабан өнер көрсетпеген. Аталған хайуанат тіпті ондағы аң-құстардың жасағынан табылған да емес екен. Бұған қарамай, жаңа жобаны жүзеге асырғалы отырған мегаполистегі өнер мекемесі тың бастама көрерменің көңілінен шығатынына сеніп отыр.