Қазақстандық оқушылар төртінші тоқсан сабақтарын "Балапан" телеарнасы арқылы оқиды

25 наурыз, 16:00

Елімізде мектептер 6 сәуірден бастап төртінші тоқсанды қашықтықтан оқыту форматында бастайды. "Балапан" және "Ел-Арна" телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіледі, деп хабарлайды Elitar.kz.

Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринованың айтуынша, бүгінгі таңда мұғалімдер балаларды жаңаша оқытуға дайындық үстінде.

Қашықтық сабақ – әдеттегідей қырық минут көлеміндегі сабақ емес. Қашықтық сабақтың әдіс-тәсілдері, қағидалары да басқа. Дегенмен қашықтық сабақ кезінде кейбір жайттар да туындауы мүмкін.

"Кейбір мектептерде сапалы интернет мәселесі, мұғалімдер мен оқушыларда компьютердің болмауы, отбасында бірнеше бала болған жағдайда компьютерді пайдалану сұрақтары, дайын интернет-платформалардың жоқтығы түсінікті. Бұл сұрақтар, әрине, бар, олар жеке тұрғыда қарастырылады, оларды шешу жолдары анықталуда" деп жазды вице-министр Facebook парақшасында.
Білім және ғылым министрлігінде, аймақтық білім беру басқармаларында қашықтықтан оқыту жүйесін ұйымдастыру бойынша Жобалау офисі құрылған. Пандемия кезеңінде оқу үрдісін ұйымдастыру бойынша уақытша шаралар енгізген көршілес елдердің тәжірибесі, халықаралық тәжірибе зерделеніп, ұстаздар үшін арнайы онлайн, теле-курстар, вебинарлар әзірленіпті.
"Сонымен қоса, ұстаздар мен балаларға "Балапан" және "Ел-Арна" телеарналарында төртінші тоқсан басталысымен күнде 1-11 сынып оқушыларына аптасына бес күн сабақ өткізіледі. Қазір осы теле-сабақтардың арнайы түсірілімі жүргізілуде. Ол сабақтар мемлекеттік стандарт талаптарына, оқу бағдарламаларына сәйкес құрылған. Оқушылар үшін 2 мыңнан астам теле сабақ дайындалады. Бұған үлкен күш жұмсалуда. Нұр-Сұлтан қаласының, Назарбаев Зияткелік мектептерінің, республикалық, халықаралық және жеке мектептердің үздік ұстаздары еліміздің барлық балаларына сабақ береді. Ұстаздарға тек қолдау қажет!" деп сөзін түйді вице-министр.