8 жасар қазақстандық актриса Ділназ Нұрсейіт 22-ші Шанхай халықаралық кинофестивалінде "Үздік жаңа актер" номинациясы бойынша CCTV-6 телеарнасының сыйлығына ие болды, деп хабарлайды "ҚазАқпарат"-қа сілтеме жасай отырып Elitar.kz.
Ділназ Нұрсейіт "Композитор" Қытай-қазақстандық фильмінде композитор Бақытжан Байқадамовтың немересінің рөлін ойнады. Кинофестивальдің ұйымдастыру комитетінің Құрметті сыйлығын "Композитор"фильмінің продюсерлік тобы алды.
Естеріңізге сала кетейік, алғашқы Қытай-қазақстандық "Композитор" фильмі белгілі қытайлық музыкант Сянь Синхай мен қазақстандық композитор Бақытжан Байқадамовтың мықты достығы туралы әңгімелейді. Фильмнің түсірілімі үкіметтік деңгейде басталды. Киножобаның орындаушылары - Ш. Айманова атындағы "Қазақфильм" АҚ және "Shineworks Media" Қытай кинокомпаниясы.
1940 жылы Қытай Компартиясының Орталық Комитеті кеңес музыкасын зерттеу және "Яньань және сегізінші армия"деректі фильмін музыкалық өңдеуге қатысу үшін Сянь Синхайды ССРО-ға жіберді. 1941 жылы соғыс басталғаннан кейін Сянь Синхай Шыңжаң арқылы Отанына оралуға тырысты, бірақ өзінің антикоммунистік нанымдарымен белгілі жергілікті әскери қолбасшы Шэн Шицай жолды жауып, композитор Алматыда қалды. Туған-туыссыз қалған, ауру мен кедейдің меңдеген Сянь Синхайға композитор Б. Байқадамов көмекке келді.
Сянь Синхайдың құрметіне Гуанчжоудағы консерватория мен концерт залы, сондай-ақ Алматыдағы көше атауы берілді. 2005 жылы оның туғанына 100 жыл толуына орай Макаода композитордың үш метрлік мүсіні орнатылды. Алматыда композитор ескерткіші 1999 жылы орнатылды. Оның ашылу салтанатына ҚХР - ның сол кездегі төрағасы Цзян Цзэминь және ҚР Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысты.