Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі ІІМ-нің Өзіндік қауіпсіздік комитетімен Қазақстанның бірнеше өңіріндегі полиция қызметкерлерінің сыбайлас жемқорлық фактілерін анықтады. Бұл туралы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Elitar.kz хабарлайды.
Ведомство мәліметінше, Батыс Қазақстан облыстық полиция департаменті патрульдік полициясының бірқатар қызметкеріне айып тағылды. Олардың қатарында взвод командирі де бар. Олар жол ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін жүйелі түрде пара алды деген күдікке ілінді. Қазіргі таңда взвод командирі ұсталып, Орал қаласының уақытша ұстау абақтысына қамалды.
Осыған ұқсас жағдай Шымкент қаласында да орын алған. Жол ережесін бұзған азаматтарды әкімшілік жауапкершілікке тартпау үшін 130 мың теңге көлемінде пара алды деген күдікке қалалық патрульдік полиция қызметінің полиция лейтенанты ілінді.
Алматы облысында Талдықорған қалалық полиция басқармасының аға тергеушісі, полиция капитанының қылмыстық істі тоқтату туралы шешімді қабылдағаны үшін азаматтан 50 мың теңге пара алуына қатысы тексеру шаралары жүріп жатыр.
Маңғыстау облысында пробациялық бақылаудағы тұлғадан қамқорлық пен қоғамдық жұмысқа тартылмауы үшін 60 мың теңге пара алу күдігіне ілінген Мұнайлы аудандық пробация қызметінің бөлім басшысына қатысты тергеу жүргізілуде.
Айта кетейік, жоғарыда келтірілген күдіктілердің барлығының қылмыстық іске қатысты кінәлілік дәрежесі туралы түпкілікті шешімді сот қабылдайтын болады.