Қазақстанның Халық әртістері - Шымкентте

06 қараша, 16:00

Қазақстантанның Халық әртісі - Лаки Кесоглу, Қазақстан мен Татарстанның Халық әртісі Нұржамал Үсенбаева, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, опера әншісі Болатбек Бүкенов, ҚР Еңбек сіңірген әртісі, дирижер Жалғасбек Бегендіков, ҚР Мәдениет қайраткері, доцент Серікжан Әбдінұров, халықаралық байқаулардың лауреаты, эстрада әртістері Бауыржан Исаев, Жолбарыс Сейфуллин және тағы да басқа сахна саңлақтары - Шымкенттің төрінде. Жәй емес, шаһарамыздағы саз колледжінің 60 жылдық мерейтойын тойлау үшін осы оқу орнының түлектері ретінде арнайы бұрылған.

Нұржамал Үсенбаева, Қазақстанның Халық әртісі: "Біздің кезімізде өнеріміздің өрлеуі үшін көп мүмкіндіктер болған жоқ. Сонда да болса, бойымыздағы талантты танытып, оны шыңдау үшін аянып қалмадық. Саз колледжіндегі ұлағатты ұстаздарыма айтар алғысым шексіз! Ал қазіргі уақытта саз колледжінде жастарға жақсы жағдай жасалған. Дауыс қоятын білікті ұстаздар мен сан түрлі сазды аспаптарды меңгерген, білімді педагогтар да осында жұмыс жасайды. Шәкірт тәрбиелеудегі шеберліктерін көріп, қуанып қалдым.Сондықтан біздің музыкалық колледж әлі талай таланттарды тәрбиелеп, әлі талай жұлдыздарды түлететініне сенімдімін".

Тарихи датаның құрметіне орай, оқу орнының талантты шәкірттері мен түлектері жұмыла көрермен қауымның алдында есебін берді.Симфониялық оркестрдің сүйемелдеуімен ән-тартуларын жолдады. Және колледж студенттерінен құралған "Шамсинұр" би ансамбілі де қазақ және өзге этностардың ұлттық билерін билеп, көрермендерді тәнті етті.

Мерейтой аясында саз колледжінің өрлеп-өркендеуіне сүбелі үлесін қосқан, ерен еңбегі сіңген педагогтары да құрметке бөленді. «Нұр Отан» партиясының алғыс хаттарымен марапатталды. Сондай-ақ, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Ергешбек Нұрсадық шаһар басшысының атынан арнайы құттықтау тілектерін жолдап, сый-таралғысын тапсырды.

"Қазіргі таңда колледж хореография, эстрада өнері, шекті аспаптар және халық аспаптар бөлімі мен хор дирижерлау, музыка теориясы секілді 11 мамандық бойынша білім береді. Бастысы, саз колледжі — ел аумағындағы ең үздіктер қатарында. Әр жылғы өнер жарыстарында да топ жарып, үнемі бірінші бәйгелерді еншілеп келеміз. Бұл — оқу орнындағы білікті де білімді педагогтардың еселі еңбегі дер едім», - дейді саз колледжі директорының орынбасары Айгүл Бекенова.

Бүгінде саз колледжі — күнгейдегі талай талантты тәрбиелеп, өнердің шеберханасына айналған бірегей оқу орны. Және жыл бұрын «Еліміздегі үздік өнер колледждерінің» үштігіне енген болатын. Қазір мұнда 507 студент білім алады. Ол үшін білім ордасында білікті 142 педагог еңбек етеді.