БАӘ-ден темекі мен шинаны заңсыз әкеліп, сатып келген қылмыстық топ сотты болды

06 ақпан, 17:13

1 млрд 700 млн теңгені құрайтын контрабандалық тауарлар мемлекет пайдасына тәркіленді. Бұл туралы Бас көлік прокуратурасына сілтеме жасап Elitar.kz хабарлайды.

"Сотқа дейінгі тергеу органдарының негізгі міндеттерінің бірі қылмыстық құқық бұзушылықпен келтірілген зиянды өтеу шараларын қабылдау болып табылады.

Бұл үшін көлік прокурорлары қылмыстық процестің заңдылығын қадағалау барысында ұрланған заттар мен қаражатты, сондай-ақ күдіктінің мүлкін, қылмыстық құқық бұзушылық жасау қаруы және құралдарын анықтауды қамтамасыз етеді.

Осы жұмыстың нәтижесінде 2019 жылы жәбірленушілерге 1 млрд. теңгеден астам залал өтелген, оның 800 млн. теңгесі мемлекет мүддесіне қайтарылды, бұл 2018 жылмен салыстырғанда 5 есеге көп" делінген ведомство хабарламасында.

Өткен жылы мемлекет пайдасына 1 млрд 700 млн теңгені құрайтын контрабандалық тауарлар берілді. Мысалы, 2019 жылы Бас көлік прокуратурасының арнайы прокурорлары сотқа 11 тұлғаға қатысты қылмыстық істі жолдады, олар кеден қызметкерлерінің қамқорлығында болып, ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында Біріккен Араб Әмірліктерінен аса ірі мөлшерде «темекі және шиналар» контрабандасымен айналысқан.

Аталған қылмыстық іс бойынша 31.12.2019 жылы Маңғыстау облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының айыптау үкімі шықты. 1 млрд 400 млн теңгені құрайтын контрабандалық тауар мемлекет пайдасына тәркіленген.