"Біз бақытты баламыз". Осындай тақырыппен Түркістан облысындағы жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған мекемелердің тәрбиеленушілері ( балалар үйі мен балалар ауылының жасөспірімдері) өзара сайысқа түсіп, кіл көшбасшыны анықтады. Дәлірек айтсақ, бұл жарыс үміткерлердің білімі мен белсенділігін, ұтқырлығы мен тапқырлығын сарапқа салды. Зияткерлік жарыстың жеңімпаздары арнайы марапатталып, өңіріміздегі мәдени-тарихи орындарға саяхаттау жолдамасын жеңіп алған-ды.
Сонымен, «Бауыржан» отбасы үлгісінідегі балалар ауылы, Төлеби ауданындағы №2 балалар үйі, Арыстағы «Т.Тәжібаев атындағы отбасы үлгісіндегі балалар ауылы» мекемелерінің талантты, өнерлі үздік оқитын 100 тәрбиеленушісіне облысымыздағы тарихи-мәдени орындарға арнайы эскурсиясы ұйымдастырылды.
Экскурсия барысында олар бір емес, он бірдей тарихи-мәдени орындарды: «Қ.А.Ясауи» кесенесі, ежелгі «Яссы қалашығы», Жер асты «Қылует» мешіт-медресесі, Қасиетті «Укаш-ата» құдығы, «Гаухар ана» кесенесі, «Алхожа ата» кесенесі, «Арыстан баб» кесенесі, «Құрбан ата» кесенесі, «Ө.Жәнібеков» кесенесі, «Руханият – Әбу-Насыр Әль Фараби мұражайы», «Отырар мемлекеттік қорық мұражайын» аралады.
«Мен Түркістандағы Қожа Ахмет Яссауи кесенесін бұған дейін тек кітаптың беттерінен көргенмін. Енді міне, киелі жерге аяқ басу сәті бұйырды. Керемет әсердемін. Ежелгі Яссы қалашығын да көзбен көрдім. Кірпіштеріне қарап, ондағы талай тарихты бойына бұққан жәдігерлермен таныстым. Халқымыздың би-батырларының өмірдерегі жазылған кітаптар мен хандық дәуіріне тиесілі экспонттарды осы күнге дейін сақталады деп ойламаппын. Кей дүниелер қаз-қалпында сақталыпты. «Руханият – Әбу-Насыр Әль Фараби мұражайы» жайлы да көп естігенмін, бірақ көзбен көру – бөлек екен. Көрген-білген, түйген ой-тоқатымымды басқа да достарыма айтып беру үшін, естелік суреттерге де түсіп алдым. Тіпті болашақта тарихшы болып, Елімнің өткен тарих-шежіресін өскелең ұрпаққа насихаттағым келетінін де жасырмаймын»,-деді балалар үйінің тәрбиеленушісі Кристина Черкашина.
Айта өтейік, осынау игі жобаны жүзеге асыру Түркістан облыстық отбасы, балалар және жастар ісі басқармасына жүктеліпті. Ал күнгейдегі балалар үйінің үздіктері (50 тәрбиеленуші) бұған дейін Астана қаласына барып, мерейтойлық саяхаттау шарасына жұмылдырылған. Бас қаланың көркем келбет-көріністерін тамашалап, сәулеті мен сәні келіскен ғимараттары және маңызы мол нысандармен танысқан еді.