ҚР Бас прокурорының орынбасары Марат Ахметжанов Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровқа қатысты қылмыстық істің неліктен жабылғанын түсіндіріп берді.
Бұл туралы ол Мәжілісте тілшілер тарапынан қойылған сұраққа жауап беру кезінде айтты.
«Қылмыстық жағдайдың болмауына орай оған қатысты қылмыстық іс тоқтатылды. Осы істі қозғаған және оны тергеген органға ұсыным енгізілді. Атап айтқанда, аталған адамға қатысты қылмыстық іс тоқтатылғанын ресми түрде мәлімдеймін», - деді Марат Ахметжанов.
Белгілі болғаны, Бас прокурор Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметі органдарына заңдылықты бұзуға жол берген қызметкерлерді тәртіптік жауапкершілікке тарту туралы ұсыным енгізген.
Естеріңізге сала кетсек, 27 қыркүйек күні Алматы облысы әкімінің орынбасары Бағдат Манзоровтың ұсталғаны туралы белгілі болды. Бұл туралы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының бірінші орынбасары Олжас Бектенов Парламент Сенатында тілшілер сауалына жауап беру кезінде айтып, шенеуніктің уақытша ұстау изоляторында қамауда отырғанын мәлімдеді.
Ал күні кеше шенеунікке қатысты істің жабылып, оның қылмыстық тексеруден босатылғаны белгілі болды.
Бағдат Манзоров Алматы облысы әкімінің орынбасары қызметіне биыл шілде айында тағайындалған болатын.