Бас сүйегіне ота жасалды: Өгей әкесінен таяқ жеген екі жасар баланың жағдайы аса ауыр

24 қыркүйек, 16:30

Алматы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасындағылардың мәліметінше, баланың жағдайы өте ауыр. Бас тұсынан қатты соққы алған сәбидің өмірі үшін ақ халаттылар күресіп жатыр.

"Ауруханаға түскенде баланың басында ауыр жарақат болған, сол жақ гемисферасында субдуральды қан ұйыған, субарахноидалды қан кеткен, миы ісіп кеткен. Миы диффузды-аксоналды жарақат алған. Кеуде қуысы органдары жарақат алған. Жұмсақ тіндері соғылған. Балада ІІІ дәрежелі дем жетіспеушілігі бар. ІІІ дәрежелі травматикалық шок, ІІІ дәрежелі церебралды шок байқалады. Шұғыл түрде балаға ота жасалды. Баланың бас сүйегі ашылып, субдуральды гематома алынып тасталды. Дәл қазір бала жасанды тыныс алу аппаратына қосылған. Жағдайы аса ауыр», - басқармадағылар.

Еске салсақ, жантүршігерлік оқиға кеше орын алды. Ес-түссіз жатқан бала ауруханаға түскен. Медицина қызметкерлері дереу полиция шақырды. Полиция ең алдымен баланың 34 жастағы өгей әкесінен сұрақ-жауап алып, ол бала өздігінен құлап қалды деген жауап айтқан. Кейіннен тергеу материалдарының арқасында ұлды өгей әкесі ұрғаны анықталды. Баланың анасы бұл кезде жұмыста болған. Өгей әке қамауға алынды. Бұрын ол бірнеше рет ұрлық үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Бұл оқиға бойынша ҚР ҚК 106-бабының 1-бөлімімен қылмыстық іс қозғалды.