15 желтоқсан, 12:32
Байқоңыр қаласындағы 150-ден астам камерасы бар бейнебақылау жүйесі жабық елдімекен аумағына заңсыз кіріп кетуді бақылау үшін орнатылған, деп хабарлайды РИА Новости.
Ресей Қазақстаннан 2050 жылға дейін ғарыш айлағымен бірге жалға алған Байқоңыр қаласы бетон қабырғамен қоршалған, бірақ, кей жерлері бүлінген.
Ресми түрде қалаға кіру бақылау-өткізу пунктінен жүзеге асырылады.
"Байқоңыр қаласында 150-ден астам камерасы және бақылау орталығы бар бірыңғай бейнебақылау жүйесі орнатылған. "БайқоңырСвязьИнформ" муниципалды мекемесінде бөлім құрылып, оның қызметкерлері қала аумағын, қаланың магистральды жолдары мен орталық алаңды тәулік бойы бейнекамералармен бақылайды. Заңсыз әрекеттерді байқаған сәтте бөлім қызметкерлері тез арада құқық қорғау органдарына хабарлайды", - деп мәлімдеді агенттіктің дереккөзі.
Қала аумағын тәулік бойы бақылау мен тәртіп бұзушылыққа дер кезінде назар аудару қалаға бөтен адамдардың заңсыз кіруінің алдын алып, Байқоңыр аумағындағы қауіпсіздікті нығайтады деп күтіледі.
"Екі ай сынақ кезінде бейнебақылау бөлімінің қызметкерлері қоршауды бұзу мен кабель ұрлауға қатысты 10 әрекеттің алдын алды", - деп қосты дереккөз.
ФОТО: BNews.kz