Бүгін Геннадий Головкиннің туған күні

08 сәуір, 11:32

Кәсіпқой бокстан WBA, IBO және WBС (уақытша) тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы, қазақ елінің жарық жұлдызы Геннадий Головкин бүгін 37 жасқа толды.

Геннадий Головкин 1982 жылы 8 сәуір күні Қарағандыда дүниеге келген.

Кәсіпқой бокстағы ең алғашқы жекпе-жегін 2006 жылы 6 мамырда өткізген.

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің дене тәрбиесі және спорт факультетін бітірген (2003). 2003 жылдан бері - «Астана батыры» жекпе-жек клубы» МКҚК-да бокс жөніндегі нұсқаушы - спортшы болған. Universum Box Promotion мүшесі (Неміс кәсіби клубы, 2006).

ҚР біріншілігінің жеңімпазы (2000-2002); ҚР I спартакиадасының чемпионы; жастар арасындағы әлем чемпионы (2000); Шығыс Азия ойындарының чемпионы (2001); Азия ойындарының чемпионы (Оңтүстік Корея, Пусан, 2002); жеке сынақ бойынша Әлем кубогының чемпионы (2002); әлем чемпионы (2003); «А» класты турнирлердің бірнеше мәрте жеңімпазы. 75 кг дейінгі салмақта әлем чемпионы (Бангкок, Тайланд, 2003); Олимпиада ойындарының 75 кг дейінгі салмақтағы күміс жүлдегері (Афина, Грекия, 2004); «А» класы турнирлерінің көп мәрте жеңімпазы.

Кәсіпқой бокста WBO нұсқасы бойынша «Интерконтиненталь» чемпиондық титулының иегері (2010). Геннадий Головкин - орта салмақта (73 кг) WBA, IBO және WBC нұсқалары бойынша әлем чемпионы. Кәсіпқой бокста 40 жекпе-жек өткізіп, 38-інде жеңіске жеткен.

ҚР спорт шебері (2000). Халықаралық кластағы спорт шебері (2002). Бокстан ҚР Еңбек сіңірген спорт шебері (2003).

«Құрмет» орденімен марапатталған.

Кәсіпқой боксағы әлем таныған саңлағымызды туған күнімен құттықтаймыз. Толағай табыс, зор денсаулық, отбасына амандық тілейміз!