Украинаның Жоғары радасы 16 мамырдағы жиын кезінде Президенттің инаугурациясын 20 мамырда өткізу ұсынысын қолдаған болатын, деп хабарлайды Elitar.kz.
Кеше Жоғарғы Рада маңында ұлықтау рәсіміне қатысты дайындық өтті. Бүгін таңертең Парламент маңына журналистер мен Киев тұрғындары жиналды. Сондай-ақ, инаугурацияға Зеленскийдің «кварталдағы» әріптестері Евгений Кошевой, Юрий Корявченков, Мика Фаталовтар да келді. Конституция алаңы мен сарай жанында ұлықтау рәсімін көрсету үшін үлкен екі монитор қойылды.
Инаугурацияны тамашалауға алаңға жүздеген адам жиналды. Дәл осы кезде алаңға плакат ұстаған белсенділер де келген. Плакатта «Возвращение Саакашвили – гарантия изменений» деп жазылған. Активистерді полиция алаңнан қуған. ІІМ хабарлауынша, ел астанасында 90 техника мен 400 ТЖ қызметкерлері кезекшілік етуде.
Зеленскийдің инаугурациясына Латвия, Литва, Эстония, Грузия, Венгрия Президенттері мен Молдова Премьер-министрі, Түркия вице-президенті, АҚШ Энергетика министрі қатысты.
Дәл инаугурация алдында Зеленский Фейсбукте пост жариялады. Онда жұбайымен селфи жасап, «Жаңа этап. Біз дайынбыз!» деп жазған.
Владимир
Зеленский шара өтетін орынға жаяу келді.
Оның бұл әрекетіне жиналған халық
сүйсінді.
Алаңда Украина гимні айтылып, Украина туы көкке көтерілді.
Зеленский Радаға кіргенде салтанатты шара басталды. Шараға елдің бұрынғы Президенттері Кравчук, Кучма, Ющенко, Порошенко, депутаттар, УКК төрағасы, бас прокурор, министрлер қатысты. Ұлықтау рәсіміне сондай-ақ шетелдік делегация да келді.
Зеленский парламент залына кіргенде ОСК басшысы Татьяна Слипачук сайлау нәтижесін оқыды. Одан кейін УКК төрағасы жаңа Президентті ант қабылдауға шақырды.
Владимир Зеленский Президент ретінде ант қабылдады.
"Барлық
істеріммен Украинаның егемендігі мен
тәуелсіздігін қорғауға, украин елі мен
халқының әл-ауқатына қамқорлық
жасауға, азаматтардың құқықтары мен
бостандықтарын қорғауға, Украинаның
Конституциясы мен заңдарын сақтауға,
барлық отандастардың мүддесінде өз
міндеттерін орындауға, Украинаның
әлемдегі беделін арттыруға ант беремін",
- деді Зеленский.
Одан соң ол Жоғарғы Рададағы Президент отыратын орынға жайғасып, ант мәтініне қол қойды. Зеленскийге куәлік, Украина Президентінің белгісі, мөр табысталды.
Айта кетейік, Украина Президентін Ұлықтау шарасы тікелей эфирде көрсетілді.