Былтыр Қазақстанда өндірістік жарақаттан 180 адам мерт болды

20 қаңтар, 15:28

2019 жылдың қорытындысы бойынша республика кәсіпорындарында 1 257 жазатайым оқиға болды, соның салдарынан 1 430 адам зардап шекті, бұл 2018 жылғы көрсеткіштен 8,8% – ға төмен (2018 жылы – 1 568 адам). Былтыр өндірісте қаза тапқандар саны - 180 адамды құраған. Бұл 2018 жылға қарағанда 17,6%-ға төмен (2018 жылы-220 адам). Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіндегілер мәлімдеді.

Экономика салалары бөлінісінде зардап шеккендердің ең көп саны тау-кен металлургия кешені кәсіпорындарында – 244 немесе 17,1% және құрылыс саласында – 176 немесе 12,3% байқалады.

Өндірістік жарақаттанудың жоғары деңгейі Шығыс Қазақстан (зардап шеккендер 212 адам), Қарағанды (189 адам), Павлодар (117 адам), Қостанай (114 адам) облыстарында және Алматы қаласында (111 адам) сақталуда.

Еңбекті қорғау саласында ең жиі жол берілетін бұзушылықтар: қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етпеу – 14,9% (353); қызметкерлерге оқыту мен нұсқама жүргізбеу – 14,3% (340); жеке және ұжымдық қорғану құралдарымен, арнайы киіммен және арнайы аяқ киіммен қамтамасыз етпеу – 10,1% (238).

Жазатайым оқиғалардың көпшілігі мыналарға байланысты болды: қозғалатын, айналатын заттардың әсері (199 немесе 13,9%); зардап шегушінің биіктен құлауы (171 немесе 11,9%); заттардың, материалдардың құлауы (152 немесе 10,6%).

Ведомство мәліметінше, мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер қабылдаған еңбекті қорғау саласындағы кешенді шаралар өндірістік жарақаттануды төмендету бойынша оң динамиканы сақтауға мүмкіндік берді. Еңбек жағдайлары зиянды жұмыс орындарының санын қысқарту үшін 2019 жылы 2 187 өндірістік объект аттестатталды. Осы ретте айта кетейік, республика кәсіпорындарында 14 792 өндірістік кеңес құрылып, жұмыс істеуде. Олардың міндеттеріне өндірістік жарақаттанудың алдын алу, сондай-ақ жұмыс орындарындағы еңбек жағдайына тексеру жүргізуді ұйымдастыру кіреді.