Демалыс кезінде мұғалімдерді жұмысқа шақыртқан директорлар жазаланды

26 наурыз, 11:17

Жаза көрілген директорлар арасында Түркістан облысындағы мектеп басшылары да бар.

Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, еліміздің бас педагогы Асхат Аймағамбетовтің COVID-19 жұқтыру қаупін азайту бойынша шараларды күшейту аясында қабылданған бұйрығына сәйкес, 16 наурыздан бастап Қазақстандағы барлық педагог көктемгі демалыс уақытында қашықтық режимінде жұмыс істейді. Алайда кейбір мектеп басшылары мұғалімдерді жұмысқа шығуға міндеттеген.

"Мұндай жағдай, әсіресе, Түркістан және Алматы облыстарында бой алғаны анықталды. Ұстаздарды жұмысқа шақыртқан мектеп басшыларына тәртіптік жаза қолданылды.

Педагогтер әдістемелік және каникулдан кейінгі сабаққа дайындық жұмыстарын қашықтан атқаруы тиіс. Сондай-ақ, пандемия кезеңінде педагогтардың еңбек ақысы толық көлемде сақталады, яғни, үйден жұмыс істеу ұстаздардың айлығына әсер етпейді" деп хабарлады ведомстводан.