Коронавирус инфекциясын жұқтырған Қарағанды азаматтарының бірі - 1971, екіншісі - 1972 жылы дүниеге келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігінің ресми өкілі Диас Ахметшәріп мәлімдеді.
«Елімізде коронавирус індетін жұқтырған тағы бес адам анықталды. Оның екеуі Қарағанды қаласында, 1971 және 1972 жылы туған Қазақстан азаматтары. Екеуі де №0324 Минск-Қарағанды рейсімен ұшып келген болатын. Сол сияқты Алматы қаласы бойынша үш адам тіркеліп отыр. Олар 1979 жылғы әйел адам, Берлин қаласынан ұшып келген. Екінші азамат 1997 жылғы ер адам, Франциядан ұшып келген. Соңғысы 1982 жылғы әйел адам. Барлығының денсаулықтары жақсы» , - деді Диас Ахметшәріп.
Айта кетейік, 20 наурыз сағат 08.30-дағы жағдай бойынша Қазақстанда COVID-19 вирусын жұқтырғандар саны 49 адамға жетті.