Талдықорғандағы балабақша терезесінен құлап кеткен қызды ауруханадан шығарды

03 маусым, 11:29

Талдықорғанда балабақша терезесінен құлаған екі жасар қызды ауруханадан шығарды, деп хабарлайды Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметі.

Хабарламада айтылғандай, бала сауығып кеткен, ал емдеуші дәрігерлер марапатқа ұсынылды.

"Балалар ауруханасының дәрігерлері екінші қабаттан құлап кеткен баланың өмірі үшін күресті. Қыз баланың жағдайы ауыр болатын. Қыз комада болды, ес-түссіз жатты. Облыс әкімінің тапсырмасы бойынша облыстың үздік дәрігерлері жіберілді. Соның нәтижесінде дәрігерлер қызды аман алып қалды. Әрине, бала дәрігерлердің бақылауында болады. Бірақ тұтастай алғанда, қыз толығымен сауығып кетті. Бүгін аппарат кеңесі барысында облыс әкімі қызды құтқарып қалған дәрігерлер марапатқа ұсынылуын өтінді", - деп хабарлады Алматы облысы әкімдігінің баспасөз хатшысы Ғалымұрат Жукел.

Естеріңізге сала кетейік, оқиға 15 мамырда "Қарлығаш" балалар шағын орталығында болған. Қыз екінші қабаттың терезесінен құлап кеткен болатын. Түрлі дене жарақаттарын алған бүлдіршін облыстық ауруханаға жатқызылған.