Мемлекеттік қызметі істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қостанай облыстық департаментінің мәліметінше, Әдеп жөніндегі кеңесте Ауыл шаруашылық министрлігіне қарасты Ветеринарлық бақылау және қадағалау комитетінің қалалық инспекциясының басшысының тәртібі туралы іс қаралды. Кеңесте шенеуніктің мемлекеттік қызметке нұқсан келтіретін бірнеше факті айтылды, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Мәселен, инспекция басшысы жеке кәсіпкерлерден ақша талап еткен. Онымен қоймай, жұмыс орнында әріптестерімен бірге ішімдік ішкен. Белгілі болғаны, ол ұлының үйленгенін тойлау мақсатында отырыс жасаған. Онымен қоймай шенеунік жуырда ғана қол жеткізген дипломын әріптестеріне көрсетіп, «көрімдік» талап етіпті. Басшы мен оның әріптестері жұмыс орнында ішімдік ішкенін растағанымен, шенеунік кәсіпкерлерден ақша талап етті деген айыппен келіспейтінін айтты.
Мемлекеттік қызметке нұқсан келетін әрекетке барған басшы жұмысымен қош айтысуы мүмкін. Себебі әдеп жөніндегі кеңес мүшелері сондай ұсыныс тастап отыр.