Қазақстанның СІМ коронавирусқа қатысты жедел желіні іске қосты

28 қаңтар, 16:49

ҚР Сыртқы істер министрлігінде коронавирус мәселелері бойынша жедел желі ашылды.

Коронавирус мәселесі бойынша шұғыл желі Қытайдағы қазақстандықтар үшін ашылды, деп хабарлады ҚР Сыртқы істер министрлігі.

"ҚР Сыртқы істер министрлігінде ҚХР-дағы коронавирус мәселелері бойынша жедел желілер ашылғанын хабарлаймыз. Жұмыс уақытында Қазақстан азаматтары келесі нөмірлер бойынша хабарласа алады: +7 (7172) 72-05-49, +7 (7172) 72-01-98, +7 (7172) 72-04-93. Жұмыстан тыс уақытта және демалыс күндері +7 (7172) 72-01-11 нөмірі бойынша хабарласуға болады. Одан өзге ҚХР-дың кейбір қалаларында карантиннің енгізілуіне байланысты Қытай аумағындағы біздің азаматтар үшін Қазақстанның Пекиндегі Елшілігінде +86 10 65324189 телефоны бойынша тәулік бойы жедел желі ашылды.", - делінген ведомство хабарламасында.

Қазіргі уақытта Қытай аумағында 1300 қазақстандық бар, оның 635-і Хайнань провинциясындағы туристер. Уханьда 98 студент бар. Бұған дейін Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Шахрат Нұрышев Қытайда зардап шеккен отандастарды эвакуациялау мүмкіндігі туралы айтты. Оның мәліметінше, Қазақстан Қытайдың Ухань қаласындағы қазақстандықтарға арнайы борт жіберуді көздеп отыр.