Әкімдік: Алматы маңында ұшақ соғылған үй заңсыз салынған

16 қаңтар, 11:59

Алматы маңында "БекЭйр" компаниясының ұшағы соғылған үй заңсыз салынған. Бұл туралы Талғар ауданы әкімдігіндегілер хабарлады. Ресми мәліметке сенсек, үй елдімекен шегінде орналасқан, жер учаскесі суармалы жер болған. Жер кодексіне сәйкес мұнда тұрғын үй салуға рұқсат жоқ. Үй иесі ғимарат жобасын әкімдікпен келіспеген және хабарламаған.

"Талғар ауданының сәулет және қала құрылысы бөлімімен сәулет-жоспарлау тапсырмасы берілмеген. Жоба келісілмеген және салынған объектіні пайдалануға қабылдау актісі тіркелмеген. Ғимаратты үй иелері өз бетімен салған", - делінген әкімдік хабарламасында.

Естеріңізге сала кетейік, қайғылы оқиға 2019 жылдың 27 желтоқсанында орын алды. Алматыдан Нұр-Сұлтанға бағыт алған "БекЭйр" компаниясының ұшағы апатқа ұшырап, Алматы маңындағы үйге соғылды.