11 қаңтар, 18:40
Шымкенттік хирург жүкті әйелді босандырып жатып, келіншектің өтіндегі үйінді тасты көрген. Нәтижесінде бір емес, 50 тасты бір-ақ алып шаққан, деп хабарлайды Elitar.kz тілшісі.
Тал түсте толғағы қысқан келіншек жедел жәрдемнің көмегімен қаладағы №1 қалалық клиникалық ауруханаға жеткізіледі. Өз күшімен босана алмаған соң саулығы үшін алаңдаған дәрігерлер арнайы ота арқылы ана мен баланы аман алып қалуға тырысыпты.
Хирург-дәрігер Талғат Шәуенов ең алдымен кесарь тілігі арқылы іштегі баланы алып шыққан. Одан кейін ғана өттегі тастарды алыпты. Күрделі отаны сәтті жасап шыққан тәжірибелі хиругтың айтуынша, егер жүкті әйел сәл кешіккенде, жағдай ушығуы мүмкін еді. Яғни, сәби түгілі, жас ананың өзінен де айырылып қалуы әбден мүмкін болған.
"Алдымен кесарь тілігі арқылы баласын алып, кейін өт жолдарын ашып, өттің жүруін қамтамасыз еттік. Сондай шешімге келіп, науқастың өзіне, туыстарына айтып, бірлескен ота жасадық. Себебі мұндай күрделі отаға тәуекел жасайтын кездер көп емес. Бірақ, сәттілік серік болып, барлығы да жақсы аяқталды. Ал операция жасауды дәрігерге ең алдымен сауаттылықпен қатар, тәжірибе қажет екенін ескерсеңіздер екен. Әрине, бұл менің өзге де әріптестеріме айтар кеңесім", — дейді Талғат Шәуенов.

Айта өтетін ақпарат, өтінен 50 тас шыққан келіншек 12 жыл бойы сәби сүюді армандаған екен. Тек ақ халаттылардың араша болуының арқасында ғана ананың ақ үміті ақталып, жылдар бойғы асыға күткен перзентін қуана бауырына басты. Ал осылайша талай жанның өмір сүруіне себепкер болған дәрігер Талғат Шәуенов қазіргі уақытта Шымкенттегі №1 қалалық клиникалық ауруханада (бұрынғы РОЩА) бас дәрігердің орынбасары қызметін атқарады. Және медицина саласында 28 жылдық еңбек өтілі бар. Сондай-ақ, білікті дәрігер бүгінге дейін 5000-ға жуық отаға қатысып, сәтті жасап шыққан.
Автор:
Роза Бауыржанқызы