Елордадағы Травматология және ортопедия ғылыми-зерттеу институты дәрігерлерінің айтуынша, келіншектің жансақтау бөлімшесінде жатқанына 9 күн болды. Жағдайы өте ауыр. Органдардың қызметі дәрі-дәрмектің күшімен жұмыс істеп тұр. Науқас зонд арқылы тамақтанып, жасанды жолмен тыныс алып жатыр.
Естеріңізге сала кетейік, 6 қазан күні сағат шамамен 11.40-та полицияға Нұр-Сұлтандағы қоғамдық көлік аялдамасында (Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы ауданы) денесінде күйік шалу белгілері бар әйелдің отырғандығы туралы ақпарат түсті. Әйел бірден ауруханаға жеткізілді. Аталған факті бойынша полиция қызметкерлері күдікті ретінде әйелдің 43 жастағы күйеуін ұстады. Полиция департаментінің мәліметінше, отбасылық жанжал кезінде ер адам әйелінің үстіне бензин құйып, өртеп жіберген.
Адам өлтіруге оқталу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азамат кінәсін мойындады. Ол тергеу изоляторына қамауға алынды.