Елімізде екінші рет ұрлық жасағандар ауыр қылмыс бойынша жауапқа тартылатын болды

31 қаңтар, 13:30

Қазақстанда екінші және одан да көп ұрлық жасағандар "ауыр қылмыс" санаты бойынша жауапқа тартылмақ. Бұл туралы ҚР Әділет министрлігіндегілер мәлім етті.

«Меншік құқығын қорғауды күшейту, төрелік, сот жүктемесін оңтайландыру және қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері бойынша заң аясында Қылмыстық кодекске ұрлықты қайталағаны үшін жауапкершілікті күшейтуді көздейтін түзетулер енгізілді. Бұл айыпталушыны тараптардың татуласуына байланысты қылмыстық жауаптылықтан босату мүмкіндігінен айырады. Бұған дейін бірнеше рет жасалған ұрлық үшін айыппұл немесе бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жауапкершілік қарастырылған еді. Енді бірнеше рет жасалған ұрлық үшін 2 жылдан 7 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе мүлкін тәркілей отырып, сол мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жауапкершілік қарастырылатын болады» делінген ведомствоның баспасөз қызметі берген мәліметте.

Айта кетейік, заңға еніп отырған бұл түзету 2 ақпаннан бастап заңды күшіне енеді.