Экс-банкир Жомарт Ертаев Қазақстанға экстрадицияланды

15 наурыз, 09:00

Өткен жылдың наурыз айында оған халықаралық іздеу жарияланған болатын.

Бұл туралы Elitar.kz Бас прокуратураның баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып хабарлайды.

"Ж. Ертаев 2011-2017 жылдар аралығында қызметін пайдаланып, өзге тұлғалармен алдын ала сөз байласу арқылы «BANK RBK» АҚ-ның 144 млрд теңгесін жымқырды деген күдік келтірілді" делінген хабарламада.

Сондай-ақ, Ертаевпен бірге 54 адам, соның ішінде банктің 41 топ-менеджері мен банктің қатардағы жұмысшылары – бұрын экстрадицияланған Б.Ибрагим, И.Мажинов, Д.Туғанбай, Д.Едігенев, А.Мамырбеков, Т.Шәріповтер күдіктілердің ішінде.

Тергеу барысында қабылданған шаралардың нәтижесінде 15 млрд теңге өтеліп, 48 млрд теңге мүлікке тыйым салынды.

Қазіргі уақытта арнайы прокурорлар істі тергеп-тексеруді аяқтады. Процеске қатысушылар материалдармен танысып жатыр.

Экс-банкир Астана қаласының тергеу изоляторына қамалды.