Білім және ғылым министрлігінің "Ұлттық тестілеу орталығы" РМҚК бұрынғы директоры Рамазан Әлімқұлов пара алғаны үшін сотталды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қызметінің мәліметінше, Әлімқұлов қонақ үй қызметтерін көрсету бойынша келісім-шарттарды бұзбағаны, орындалған жұмыстар актілеріне кедергісіз қол қойғаны және жалпы қамқорлық жасағаны үшін 5 миллион теңге көлемінде пара алды деген күдікке ілінген болатын.
Нұр-Сұлтан қаласының ауданаралық мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі тергеу соты 22 қараша күні Әлімқұловты кінәлі деп тапты. Ол сот үкімімен 3,5 жылға бас бостандығынан айырылды. Сондай-ақ сотталушы өмір бойы мемлекеттік қызметте қызмет атқара алмайды.
Еске салсақ, 24 мамырда Білім және ғылым министрлігіне қарасты Ұлттық тестілеу орталығының бас директоры Рамазан Әлімқұловтың қамауға алынғаны белгілі болды.